Жаңғыртылмалы қуат көздері және ферманың тұрақтылығы | Foodindustry.kz

Жаңғыртылмалы қуат көздері және ферманың тұрақтылығы

Біздің ауданда Жұмакүл деген әйелді жиі кездестіремін. Ол Алматының тау жағынан келіп, біздің маңайда сүтін сатады. Жазға қарай жеміс әкеледі.

Ол Алматы төңірегіндегі «аты бар, заты жоқ» 32 саяжайдың бірінде жарық пен газ секілді энергетикалық жетістіктерден жұрдай жерде тұрады. Бірақ ол өз учаскесін сүт сату үшін сиыр және жеміс-жидек өсіру мақсатында пайдаланады. Түске дейін көше жағалай отырып, өнімдерін тезірек сатып, кетіп қалады.

Ол маған жарық алу үшін электр генераторын, ал үйді жылытуға көмір пайдаланатынын айтты. Мемлекет үй шаруашылықтарын жаңғыртылмалы энергиямен, мысалы, күн батареяларымен қамтамасыз ететінен, кем дегенде жарты құнын қайтаратынынан мүлдем бейхабар.

Оны экология мен қоршаған орта проблемалары әзірге толғандырмайды. Жаңғыртылмалы қуат көздері туралы көп естімеген. Әзірге ол тіршілік қамымен, күнделікті күйбең күреспен әлек. Ол «төмен көміртекті даму» туралы «озық» әңгімелермен айналыспайды. Тіпті оның не екенін білмейді.

Инфографика: Жаңғыртылмалы қуат көздері деген не

понятие ВИЭ

Осы орайда Энергетика министрлігі түсіндіргендей, «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» 2009 жылғы 4 шілдедегі заңға сәйкес жаңғыртылмалы энергия көздерін пайдалануды ынталандыру мақсатында қазақстандық өндірушілерден 5 кВт-қа дейінгі жаңартылатын энергия қондырғыларын сатып алуға жұмсаған желіге қосылмаған жеке пайдаланушы шығындарының 50%-ын мемлекет өтеп береді».

Заңға сәйкес Жеке тұтынушыларға атаулы көмек көрсету қағидалары әзірленді (Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 161 бұйрығы). Жеке тұтынушыларға атаулы көмек көрсету жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) құзыретіне жатады.

Егер Жұмакүл өз үйіне күн батареяларын орнатқысы келсе, біраз күш салуы керек: қазақстандық өндірушілерді тауып, өз жер телімінде қондырғыны іске қосып, жеткізушімен келісімге отыруы қажет.

Ережеге сәйкес, жеке тұтынушы ретінде атаулы көмек алу үшін жаңғыртылмалы қуат көзі қондырғысы іске қосылғаннан кейін күнтізбелік он төрт күннен кешіктірмей құрылымдық бөлімшеге келесі құжаттарды ұсынады:

  1. ереженің 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша атаулы көмек алуға өтініш;
  2. жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  3. сенімхаттың көшірмесі (жеке тұтынушының құжаттарын басқа жеке тұлға ұсынған жағдайда);
  4. өтініште көрсетілген Қазақстанда өндірілген ЖЭК қондырғыларын жеткізуші мен жеке тұтынушының шартының көшірмесі;
  5. еркін нысанда жасалған өтінімде көрсетілген ЖЭК қондырғыларын пайдалануға қабылдау туралы акт;
  6. екiншi деңгейдегi банктерде немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы бар ұйымда оның нөмiрiн көрсете отырып, екi данада жеке шотының болуы туралы банк үзiндiсiн.

Одан кейін комиссия, акт, қорытынды және басқа шаруалар басталады. Қорытындыны аудан әкімі бекітуге тиіс.

энергия

Соңғы онжылдықтарда әлем күн райының үлкен өзгерісіне тап болды.

2015 жылы жаһандық қауымдастық осы ғасырдағы ғаламдық температураның көтерілуіне тосқауыл қою үшін шаралар қабылдауға міндеттенді. Дамыған және дамушы елдердің көпшілігі тұрақты экономикалық өсуге, ресурстарды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуге және қоршаған ортаға әсерді азайтуға басымдық берді.

Экономиканы айтарлықтай немесе толық көміртексіздендіруге қол жеткізу жаһандық экономиканың барлық секторларында келісілген және кең ауқымды әрекеттер жасалуы қажет.

Қазақстан жаңартылатын энергия көздері мен энергия үнемдейтін технологиялар саласындағы жобаларды жүзеге асыру арқылы «жасыл» экономикаға және тұрақты өсуге көшу перспективасын мойындайды.

Үкімет жаңғыртылмалы энергия көздерін ұсынатын өндірушілерге жеңілдетілген тарифтер ұсынумен одан әрі  айналысып жатқанын айтып отыр.

«Сонымен қатар, жаңғыртылмалы энергия секторын дамыту үшін Үкімет орталықтандырылған электр желілеріне қол жеткізе алмайтын үй шаруашылықтары мен кәсіпорындарға жаңғыртылмалы энергия көздерінің шағын жобаларына (>5 кВт) жұмсаған инвестицияның 50%-ын өтеп береді», — делінген республикадағы жаңғыртылмалы энергияға соңғы шолу құжатында.

Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында жаңғыртылмалы энергетиканы дамытудың мынадай стратегиялық мақсаттары айқындалған:

  • — 2020 жылға қарай электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңғыртылмалы энергия көздерінің үлесін 3%-ға жеткізу (мақсатқа қол жеткізілді);
  • — 2030 жылға қарай электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңғыртылмалы энергия көздерінің үлесін 15%-ға жеткізу;
  • — 2050 жылға қарай жалпы электр энергиясын өндірудегі баламалы және жаңғыртылмалы энергия көздерінің үлесін 50%-ға жеткізу.
  • Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарында 2025 жылға қарай жаңғыртылмалы энергия көздерінен алынатын электр энергиясының жалпы электр энергиясын өндірудегі 6 пайыздық үлесіне қол жеткізу жөніндегі нысаналы индикатор белгіленген.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің деректері бойынша еліміздің жаңғыртылмалы энергия көздерінің ресурстық әлеуеті мынадай көрсеткіштермен бағаланған:

  • жел энергиясы – 920 млрд кВт/сағ;
  • су ресурстарының әлеуеті – 62 млрд кВт/сағ;
  • күн энергиясы – 2,5 млрд кВт/сағ;
  • геотермалдық сулардың жылулық потенциалы — 4,3 ГВт.

Инвесторларға арналған ЖЭК жобаларын іске асыру жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанның Жаңғыртылмалы энергия көздерінің ресурстық әлеуеті төменде көрсетілгендей.

Жел энергиясы (WPP)

Қазақстанда жел энергиясының айтарлықтай ресурстары бар. Ел аумағының 50%-ында 30 метр биіктікте 4-5 м/с жел соғады. Ең жоғары жел потенциалы Каспий теңізі аймағында – Атырау және Маңғыстау облыстарында, сонымен қатар Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанда.

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отын-энергетикалық кешенін дамыту тұжырымдамасына сәйкес елдегі жел әлеуеті жылына 1820 млрд кВт/сағ құрайды.

потенциал ветра в РК

Су энергетикасы (СЭС)

Су ресурстары беретін қуат Қазақстандағы электр қуатын өндіретін екінші үлкен көз болып табылады. 2022 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша Қазақстанның жалпы қуат өндіру әлеуетінің шамамен 11,7%-ын құрайды.

Cу ресурстары әлеуетінің абсолютті көрсеткіштері бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында үшінші орында.

Қазақстанның гидроэнергетикалық әлеуеті жылына шамамен 170 млрд кВт/сағ, техникалық мүмкіндігі – 62 млрд кВт/сағ деп бағаланады. Орта және ірі өзендердің гидроәлеуеті жылына 55 млрд кВт/сағ, шағын өзендердікі 7,6 млрд кВт/сағ. Ал шағын СЭС-ының техникалық мүмкін болатын әлеуеті шамамен 8 млрд кВт/сағ құрайды.

Гидроэнергетикалық ресурстар республиканың барлық аумағында таралған. Бірақ олардың ішінде үш үлкен аумақты атап өткен жөн: негізгі салаларымен Ертіс өзенінің бассейні (Бұқтырма, Оба, Үлбі, Күршім, Қалжыр), Іле өзені бассейні бар оңтүстік-шығыс аймақ. Оңтүстік аймақ – Сырдария, Талас және Шу өзендерінің алаптары.

энергия воды

Күн энергиясы (SES)

Қазақстандағы күн энергиясының әлеуеті зор.

Республиканың отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, күн энергиясының әлеуеті жылына шамамен 2,5 млрд кВт/сағ, күн сәулесі түсетін уақыт жылына барлығы 8760 сағаттың 2200 — 3000 сағатын (оңтүстік облыстарда 2500 — 3000 сағат) құрайды.

потенциал энергии солнца

Геотермалдық көздер

Еліміз геотермалдық ресурстарға да бай. Қазақстанның температурасы 40°С- 100°С аралығындағы гидрогеотермиялық ресурстарының табиғи қоры су қоры бойынша 10275 млрд м³ және жылуы бойынша 680 млрд Гкал деп бағаланады. Бұл 97 млрд т.э.о. (тонна эталондық отын) немесе 2,8 млрд. ТДж деген сөз. Жылудың дәстүрлі отындық көздерінің ресурсымен салыстырмалы деңгейде.

Салыстыра айтатын болсақ: Қазақстанның болжамды көмірсутек қоры шамамен 12 млрд тонна мұнай және конденсат (17,2 млрд т.э.о.) және шамамен 6-8 триллион м3 газды (7-9,2 млрд т.э.о.) құрайды.

Республикадағы жалпы геологиялық қорлар мен болжамды көмір ресурстары 150 млрд тоннаға (101,0 млрд т.э.о.) бағаланады.

Геотермалдық көздер негізінен Батыс Қазақстанда – 75,9%, Оңтүстік Қазақстанда – 15,6% және Орталық Қазақстанда – 5,3% орналасқан.

Температурасы 70-100°С аралығындағы, минералдану деңгейі 3 г/д м³ болатын, жылуэнергетикалық тұрғыдан ең перспективалы жер асты сулары болып Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның Арыс, Алматы және Жаркент артезиандық бассейндері саналады.

геотермальные источники Казахстана

Биогаз

Қазақстан астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі өндірушілерінің бірі болып табылады. Бұл қалдықтар мен қоқыстардың айтарлықтай көлемі түзілетінін көрсетеді.

Сондықтан Қазақстанда, әсіресе ауыл шаруашылығы дақылдары, көң және тұрмыстық қатты қалдықтардан қомақты қолжетімді қор бар. Ауыл шаруашылығы қалдықтарының аралас түрлерінің ең көп көлемі Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Ақмола және Қарағанды ​​облыстарында.

Қазақстанда энергия өндіруге қажетті биомассаның тұрақты көзі — мал шаруашылығы өндірісінен түзілетін қалдықтар болып табылады. Дегенмен, қалдықтардың жалпы және қолжетімді көлемі және олардың географиялық орналасуы туралы деректер мүлдем жоқ.

Ал қалдықтар биоэнергетикалық жобалардың шикізаты ретінде тиімді түрде мүлдем сирек пайдаланылады.

Осы орайда қазіргі уақытта Еуропа қайта құру және даму банкі биоэнергетика саласындағы еліміздегі әлеуетті бағалау жобасын жүзеге асырып жатқанын айта кетейік.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде қуаттылығы 8 МВт болатын 5 биоэлектр станциясы бар.

2025 жылға дейін қуаттылығы 15 МВт болатын биоэлектр станциясының 4 нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.

потенциал биоэнергетики РК

Заңға сәйкес жаңғыртылмалы қуат көздері объектілерін салу, оның ішінде биогаз технологияларын пайдалану кезіндегі қолдау шаралары қарастырылған.

Атап айтқанда, жаңғыртылмалы энергия көздері өндірген барлық электр энергиясын аукциондық бағаға 20 жыл мерзімге, инфляцияға сәйкес жыл сайын индекстей отырып және ұлттық теңгенің конвертацияланатын валютаға шаққандағы айырбас бағамын өзгерте отырып, кепілді түрде сатып алу көзделген.

Дегенмен, әзірге еліміздегі аты дардай  «ет олигархтарының» өзі мал бордақылау алаңдарында жаңғыртылмалы энергия көздерін пайдалануға ұмтылмай отыр.

Осы уақытта, Жамбыл облысында шағын шаруа қожалықтары күн энергиясын белсенді түрде пайдалана бастаған сыңайлы. Оған біздің сұрауымыз бойынша жіберілген сандар куә.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының инвестициялар және инновациялар бөлімінің мәліметінше, тек 2020 жылы 1400-ге жуық шаруа қожалығына күн батареяларын орнатуға субсидиялар бөлінген.

Кесте: Жамбыл облысы бойынша ЖЭК орнатуға субсидиялар және жеткізушілер

Олардың мәліметінше, бір шаруашылыққа контроллері мен инверторы бар күн батареяларын алуға 2 264 000 теңге бөлінген.

Мал шаруашылығымен айналысатын «Әмірхан» шаруа қожалығының өкілі Сәуле Тойбаева күн панельдерін пайдаланатынын растады.

Мемлекеттен осындай қолдауға ие болған шаруалар мен шаруашылықтар өмір сүріп отырған жерімізге, суымызға, ауамызға күнделікті әсерді және үкіметтің қолдау көрсету себебі туралы ойланатын шығар деп сенеміз.

Дәл осы Жамбыл облысы Рысқұлов ауданының тұрғыны Тұрсынкүл апай отбасы мал бағып отырған шаруашылыққа күн батареяларын тегін орнатып бергеніне қуанышты екенін жеткізді.

Фото: фермадағы күн батареялары

«Біз күйеуім қайтыс болғаннан кейін менің атыма рәсімделген «фазендадағы» үйімізде панельдерді пайдаланамыз. Менің есепшотыма әкімдіктен ақша аударылды. Содан кейін компанияның жігіттері келіп, панельдерді орнатты. Өз кезегінде біз оларға ақша аудардық. Содан бері қолданып келеміз. Ауа-райы нашар болған кезде панельдер тоқ бермейді. Десе де, оларды бізге тегін бергеніне өте қуаныштымыз. Шаруашылықта өндіргенімізді өзіміз тұтынамыз. Әзірге артық өнім шығара алмаймыз. Өнім тек өз отбасымызға ғана жетеді», — дейді әйел.

Осылайша, еліміздің ауылдарындағы халық күн энергиясымен енді ғана танысып, қоршаған ортаны қорғаудың жаңа әдістерін жаңадан меңгере бастады.

биогаз в Германии

Ал осы уақытта батыс елдерінде фермерлер табиғи ресурстарды аз пайдалана отырып, көбірек азық-түлік өндірудің, сөйте тұра қажетті қоректің заттармен толық қамтамасыз етудің жайын ойластырып жатыр.

Дамыған елдердегі фермерлер қауымдастығы климаттың өзгеруі мен судың сапасын қамтамасыз ету мәселесін шешуге кірісті.

Net Zero деген бастаманы іске қосқан олар келесі бағыттарға баса назар аударады:

  • жем өндіру;
  • көң мен қоректік заттарды басқару;
  • малдың күтімін жоғарғы деңгейде және тиімді түрде қамтамасыз ету;
  • шаруашылықтардағы энергетикалық тиімділік және жаңғыртылмалы энергия көздерін пайдалану.

Мысалы, АҚШ азық-түлік және ауылшаруашылық секторында барлық парниктік газ шығарындыларының 2% ғана үлесі сүт өнерсәсібіне тиесілі екенін бірінші болып 2008 жылы бағалағанын мақтан тұтады.

2007 жылғы мәлімет бойынша елге бір галлон сүт өндіру үшін 90% аз жер және 65% аз су қажет болды, ал көміртегі ізі 1944 жылмен салыстырғанда 63% аз болып шыққан.

Американдық сүт фермалары жануарлардың күтіміне, тіпті бұзаулардың жылы еденде ұйықтауына, оларға қалаған кезде жылы сүт беруге жағдай жасаумен ғана шектелмей, жаңғыртылмалы энергия көздерін пайдалануға ерекше көңіл бөледі. Бұл тұрақтылық стратегиясының бір құрамдас бөлігі болып табылады.

Сіздердің назарларыңызға Reinford Farms фермері Бреттің сүт фермасындағы осы және басқа да көптеген инновацияларды көрсететін келесі бейнематериалды ұсынамыз:

 

Ал Еуропалық Одаққа келсек, мұнда 2004-2020 жылдар аралығында жаңғыртылмалы энергияның үлесі екі еседен астам өсті.

Жасыл келісімге сәйкес, ЕО-ға мүше 27 мемлекет 2050 жылға қарай ЕО-ны бірінші климаттық бейтарап континентке айналдыруға міндеттенген. Ол үшін 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2030 жылға қарай шығарындыларды кемінде 55%-ға қысқартуға міндеттеме алып отыр.

ЕО сондай-ақ Орталық Азия елдеріне жаһандық сынаққа айналған көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуге көмектесуде.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 2021 жылғы мәліметпен жаңғыртылмалы энергия көздері объектілерінің электр энергиясын өндіру көлемі

4 220,3 млн кВт/сағ. құрады.

Бірақ, Қазақстан мал шаруашылығының көміртегі ізін әлі есептеген жоқ.

Диқандарымыз басқа қалдықтарды айтпағанда, көңді қалай басқаруды білмейді. Фермерлеріміз әзірге қоршаған ортаны қорғаушыға айнала алған жоқ.

Олар әлі күнге дейін табиғатқа тигізетін әсерді азайтуға ұмтылмайды және азық-түлікті жауапкершілікпен өндіре отырып, елдің келешек тұрақты дамуына септігін тигізу, әлемді жеткілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы өздерінің міндеттері туралы толғана қойған жоқ.

Бұл тұрғыда атқарылатын жұмыстар жетіп артылады. Әзірге тек алғашқы қадамдар ғана жасала бастады.

Мақала авторы: Толеген Жанбота

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *