Тоқаев: азық-түліктің кейбір түрі бірден 80 пайызға қымбаттады | Foodindustry.kz

Тоқаев: азық-түліктің кейбір түрі бірден 80 пайызға қымбаттады

Сегодня под председательством Главы государства Касым-Жомарта Токаева состоялось расширенное заседание Правительства Республики Казахстан.

«Халықаралық институттар әлемдік экономика қарқыны бәсеңдейді деген болжам айтуда. Соған сәйкес инфляция жаппай өсуі мүмкін.

Өңірлік дағдарыстың ұзаққа созылып бара жатқанын байқап отырмыз. Тіпті, бұл ахуал жаһандық тоқырауға ұшыратады деген қауіп бар.

Осындай жағдайда Үкіметтің және Ұлттық Банктің негізгі міндеті – инфляцияны тұрақтандырып, азаматтардың табысын арттыру болуға тиіс. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет», деді президент.

«БІРІНШІ МАҚСАТ. Инфляцияны тұрақтандыру

Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті.
Жалпы, азық-түліктің кейбір түрі бірден 80 пайызға қымбаттады.

Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр.

Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ», деді Қ.Тоқаев.

«Менің тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалды. Дегенмен, мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіні анық.

Өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет. Мұнымен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруға тиіс», деді ол.

«Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату.

Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн.

Сондықтан, фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын», деді президент.

«Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек. Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады.

Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе.

Сондай-ақ, өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін, ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуге тиіс».

«ЕКІНШІ. Азаматтардың табысын арттыру және адам капиталын дамыту.
Соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал, Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды.
Мұндай құлдырау көптен бері болған емес.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ.

Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс», деді Тоқаев.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов: 

Инфляцияның деңгейі жылдық көріністе 14,5%-ті құрады. Оның негізгі факторлары  әлемдегі қолайсыз геосаяси жағдай, тауар нарықтарындағы жаһандық бағаның өсуі, көрші елдерден кейбір тауарларды импорттауға тыйым салу болды.

Инфляцияны төмендету үшін Үкімет Ұлттық Банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда.

Шаралар кешені отандық өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен тасымалдау тетіктерін дамытуға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған.

Сондай-ақ, импорттық тәуелділікті азайту бойынша инвестициялық жобалар жүйелі негізде іске асырылуда.

 Азық-түлік тауарларының қолжетімділігі мәселесін жүйелі шешу үшін Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспары қабылданып, іске асырылуда.

Ол физикалық және экономикалық қолжетімділікті, сондай-ақ азық-түлік тауарларының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша.

Ағымдағы жылы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы өткізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға республикалық бюджеттен қаржыландыру 2 есеге ұлғайтылды және форвардтық сатып алуға 80 млрд. теңге бөлінді.

Нарықтық бағадан 15%-ке төмен бағамен
400 мың тонна жанар-жағар май жеңілдікпен бөлінді.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету бойынша минералды тыңайтқыштардың отандық өндірушілерімен келісімге қол жеткізілді.

Сондай-ақ, тұқымдармен қамтамасыз ету мәселесі шешілді және жемдік астық қорын қалыптастыру үшін қосымша қаражат бөлінді.

Бүгінгі күні 6 азық-түлік бойынша импортқа жоғары тәуелділік бар.

Ішкі нарықты толықтыру үшін биыл 295 млрд. тенгеге 237 инвестициялық жоба іске асырылады.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдау тәсілдерін өнімділікті арттыруға бағыттап, қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бұл жұмыстың аясында субсидиялау бағыттары қысқартылып, 2023 жылдан бастап олардың тиімсіз түрлері алып тасталады.

Фермерлерге субсидияларды алу кезінде қарсы міндеттемелер жүктеледі.

Жемқорлық деңгейін төмендету үшін
1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі іске қосылды.

Экспорттаушыларды қолдау бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.

Жыл басынан бері 325 компанияға қаржылай және қаржылық емес қолдау шаралары көрсетілді.

Биыл экспорттық акселерация бағдарламасына қатысу үшін қосымша 190 кәсіпорын таңдап алынды.

Қазіргі уақытта оларды мақсатты сыртқы нарықтарға шығару бойынша жұмыс атқарылуда.

70-тен астам компания халықаралық электронды алаңдарға шығарылуда.

Ағымдағы жылы өңірлердің дамуына республикалық бюджеттен 5,5 трлн. теңге бөлінді.

Бұл жалпы шығындардың 30%-ін құрайды.

Қаражат негізінен білім беру,
тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік көмек
пен қамсыздандыру, жол салу, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм салаларына бағытталған.

Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға
128 млрд. теңге бөлінді, олар 580 ауылда
1 100 жобаны іске асыруға бағытталған.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасын іске асырудың аясында 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге 20 млрд. теңге бөлінді.

Сондай-ақ, жалпы сомасы 1,1 трлн. теңгені құрайтын батыс өңірлердің кешенді жоспарлары қайта қаралып, кеңейтіліп қабылданды.

Осы кешенді жоспарлар шеңберінде 170 мыңнан астам жұмыс орындары енгізіледі», деді.

Біздің қосарымыз: үкіметтің бұл есебінен тың идеяларды көре алмадық. Бұрынғы сарындағы құрғақ сандар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *