Арал өңірінің азық-түлік қауіпсіздігі | Foodindustry.kz

Арал өңірінің азық-түлік қауіпсіздігі

Қазақстан өңірлеріндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі кешенді зерттелмейді. Зерттелді дегеннің өзінде мұндай ақпарат бұқараға жетпей жатады.

Айталық, біз Аралдағы балалардың қанша балық тұтынатынын білмейміз. Осы мәселені таяуда осы өңірге жасалған баспасөз сапары кезінде зерттеп көрдік. Баспасөз –туры кезінде елдің түрлі өңірлерінен жиналған журналистер Барсакелмес ұлттық қорығына, Арал қаласы мен басқа да бірнеше елдімекендерде болып, мұражайлар мен балық тұқымбағын аралап көрдік.

Сапар барысында аудан орталығы Арал қаласы мен Қаратерең ауылында балалармен сұхбаттасудың сәті түсті. Біз балалар тағамы, кәсіп таңдау туралы, жалпы өмір туралы әңгімелестік, тіпті облыстың азық-түлік қауіпсіздігі секілді күрделі тақырыптарды да қаузап көрдік. Аралдың балақайлары маған нағыз қазақ қалпын сақтаған ұрпақтай сезілді: сәл- пәл ұялшақтау, именшек, көздерінде аздап қулық оты болғанымен, жандары таза. Олар маған әлеуметтік желілердің әсерінен әбден өзгерген қаланың балаларынан мүлдем өзгеше секілді болып көрінді.

Кейбірі тіпті менің қойған сұрақтарыма ашық әрі айқын жауап бере алмағанымен де, биязылық, ұяңдық пен мейірім есіп тұрды. Оларды көріп, біліп, танып қайтқаныма қуандым. Енді олар үшін тақымымды қыса жүретін боламын.

коллаж

Бұдан әрі сапар кезіндегі зерттеу тақырыбыма көшейін: Отандық статистикаға сенсек, Қызылорда облысында 2019 жылы күнкөріс минимумынан төмен деңгейдегі кірісі бар  0 -17 жас аралығындағы тұрғындар үлесі 7% құраған. Бұл көрсеткіш бойынша ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысына тиесілі.

потребление продуктов

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше,  2020 жылдың IV тоқсанында 10% ең кедейлер мен 10% ең байлардың азық-түлік тауарларына жұмсайтын шығындарының деңгейі арасындағы айырмашылық 4,7 есе болған.

Мәселен, егер еліміздің ең ауқатты азаматтарының азықтүлік тауарларына жұмсайтын тұтынушылық шығындары жан басына шаққанда 75 535 теңге болса, кедейлер 15 978 теңге жұмсайды екен.  

Балалы үй шаруашылықтарының 2019 жылғы негізгі азықтүлік тауарларын тұтыну мөлшері децильдер бойынша, айына келі

негізгі азық-түлік тауарларын тұтыну мөлшері

Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы жайлы кеңінен айтыла бастағалы аз ғана уақыт өтті. Дегенмен, халықаралық деңгейде осы саладағы тиісті рейтинг құрастырылады және еліміз тарапынан белгілі бір мәліметтер халықаралық ұйымдарға жолданады. Айталық, 2020 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі бойынша Қазақстан 113 елдің арасынан 32 орынға ие болған. 

Осы орайда айта кетейік, азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз  — жалғыз ауылшаруашылығы ғана емес. Ол төрт түрлі критерий бойынша бағаланады: №1 – төлемдік қабілетті қолжетімділік (affordability, немесе экономикалық қолжетімділік, басқаша айтқанда, халықтың оған ақшалай қолжеткізе алуы), №2 – тікелей қолжетімділік немесе тауардың бар болуы (availability), № 3 – сапа және қауіпсіздік (quality&safety) и №4 – табиғи ресурстар және тұрақтылық  (Natural resources and resilence).

Алайда, төлемдік қабілетті, яғни экономикалық қолжетімділік шеңберіндегі «тағамға жұмсалатын орташа шығындардың өзгерісі» деген критерий бойынша Қазақстанның алған бағасы айта қоярлықтай жоғары емес.

Тікелей қолжетімділік немесе тауардың бар болуы бойынша ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі еліміз бойынша ең көп импортталатын, яғни, шетелдерден әкелінетін  азық-түлік тауарларын анықтады, бұлар құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік, сүзбе, алма, қант пен балық.

Ал облыстық әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, 2020 жылы Қызылорда облысында өңір халқының сұраныстарын қамтамасыз ете алатын шаруашылық субъектілеруне талдау жасалған. Соның нәтижесінде облыста тұтынылатын азық-түлік өнімдерінің шамамен 95%-ы басқа өңірлерден әкелінетіні анықталған.

Соның ішінде Арал өңіріне азық-түлік өнімдерінің кем дегенде 71 аталымы басқа жақтан әкелінеді екен.

Инфографика:

инфографика по обеспеченности

Облыс тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге жүргізілген талдау әлеуметтік маңызы бар өнімдердің 29 түрі бойынша тек бес түрлі өнімнің, атап айтқанда, күріш, тұз, қызанақ, қияр және нанның ғана 100 пайызға қамтамасыз етілетіндігін көрсетіп берген.

Әкімдіктің мәліметінше, облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту және азық-түлік өнімдерімен өзін өзі қамтамасыз ету бойынша 2,2 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. 285 жаңа жұмыс орны құрылған. Арал ауданында барлығы 29 өнеркәсіп орнының ішінде 12 кәсіпорын азық-түлік өнімдерін өндіреді.  Облыс бойынша 40 кәсіпоырн дайын өнім шығарады, дейді.

Кәсіпорындарды шикізатпен үздіксіз қамтамасыз ету тағы бір орындалуы қиын мақсаттардың бірі. Ал биыл өңірде қуаңшылық белең алды. Облыста, оның ішінде Арал ауданында азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнді. Проблеманың шешімі кешенді көзқарасты талап етеді. Әсіресе, кәсіпорындарды білікті әрі еңбекқор  мамандармен қамтамасыз етудің маңызы аса зор. Сол себепті ауданға сапар барысында біз алда кәсіп таңдау міндеті күтіп тұрған, өңірдің келешек мектеп түлектері үшін азық-түлік қауіпсіздігі деген ұғымның мәні қандай екенін, оны қалай түсінетінін білуге тырыстық.

Видео: Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін балалар қалай түсінеді

Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, тіпті жоғарғы сынып оқушыларының өзін азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы қызықтырмайтын болып шықты. Бұл тақырыпқа олар алаңдамайды. Олардың көбі алдарына әкеліп тағам қоюдың қаншалықты қиынға түсетіні туралы тіпті ойланбайды. Мектепте бұл туралы сөз қозғамайды, отбасыларда мұндай әңгіме өрбімейді. Орта мектепте осы саладағы мамандықтарға балаларын бағыттайтындар жоқтың қасы. Балалар мамандықты мәртебесіне қарай таңдайды. Немесе мамандықты оларға ересектер таңдап береді.

Нан жасалатын астықты өсірудің машақаты, ет алу үшін мал өсіруге қаншалықты күш-жігер, еңбек пен қаражат кететіні, кейінгі кездері тағамдар неге қымбаттап барады деген сұрақтарға балалар бастарын қатырмайтын болып шықты.

Президенттің тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысында 2021-2030 жылға дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы әзірленген болатын.

Бағдарлама шеңберінде балық шаруашылығы саласын қажетті мамандармен қамтамасыз ету үшін облыс әкімінің гранттары беріледі деп жоспарланған. Бұл жұмысқа грантпен қатар табиғатты пайдаланушылардың өз қаражаттары да тартылады, делінген құжатта.

Әйтсе де, бағдарламадағы құжатқа сәйкес өткен жылы өңірдегі екі колледждің біріне ешкім оқуға түспеген.

Облыстағы балық шаруашылығы саласындағы мамандарды әзірлейтін орта білім оқу орындарының тізімі*

 

Оқу орнының атауы Мамандық Студенттер саны
1 Арал индустриялық – техникалық  колледжі Мамандық 1221000 – Балық өндірісі

 

Квалификация 1221012 – Балық өңдеу маманы

25
2 И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғарғы колледжі Мамандық 1505000 – Балық шаруашылығы  (түрлері бойынша)

 

Квалификация 1505043 – балық өсіруші  –техник

Талапкер болмаған

 

* —  облыста балық шаруашылығы саласында ғылыми дәрежесі бар мамандар жоқ.

Соған қарамастан, облыс 2030 жылға таман балық шаруашылығы өнімінің экспорты көлемін 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе өсіреді және 2021-2030 жылдар аралығында кемінде 500 жұмыс орны құрылады деген ауқымды мақсатты алға қояды. Осынау ұлығаусар экспортты кім жүзеге асырып, жұмыс орындарында кім істейді деген сұрақ туады. Балалар бұл салаға баруға құлықсыз болса, кімді тартатыны түсініксіз. Бағдарламада жазуларынша, Арал өңірінде балықшы кәсібінің мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыс жүргізіледі-міс. Алайда, кәсіптің мәртебесін қалай көтеру жоспарланғаны атап көрсетілмеген.

Ал балалардың мектептердегі бір күндік тағамының орташа құнына қатысты мәселеге келсек, облыста бұл 500 теңгені құрайды. 2019 жылы орта есеппен 250-350 теңге болған.

«Жалпыға бірдей міндетті білім» қорынан тегін тамақ келесі санаттағы балаларға беріледі:

1) Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына. Бұл санаттағы балаларға берілетін тамақ кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға кіреді.

Ал төменде аталған санаттағы балаларға тағам «Жалпыға бірдей міндетті білім» қорының қаражаты есебінен тегін беріледі:

2)  мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы кірісі күнкөріс минимумынан төмен отбасылардың балаларына;

3) отбасыларда өмір сүретін жетім және ата –анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

4) төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдем көрсетуді талап ететін отбасылардың балаларына;

5) білім беру ұйымы алқасы анықтаған басқа да санаттағы оқушылар мен тәрбиленушілерге.

Арал ауданында жоғарыда аталған санаттардан 3820 бала бар. Олардың бәрі тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, деп сендіреді өңір әкімдігіндегілер.

 Олардың хабарлауынша, Қазақ Тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағам орталығы әзірлеген «Мектеп оқушыларының тамақтану рационы бойынша біртұтас стандартттар» әдістемелік нұсқаулықтарына сәйкес 4 апталық мәзір дайындалған. Оның аясында сүт, жеміс түрлері, шырын, балық, құс еті мен ет мөлшері арттырылған.

Жалпы білім беретін ұйымдар мен интернаттардағы тамақтандыру нормалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысында көрсетілген тамақтану нормаларына сәйкестендірілген.

Алайда бұл мәзірді өз көзімізбен көру мүмкін болмады. Аралдағы жалғыз мектеп-интернат басшылығы біздің мекемеге кіріп, балалармен сұхбаттасуымызға мұрсат беруден бас тартты. Басқа да мемлекеттік оқу орындары да бізді ғимараттарына кіргізуге құлық таныта қойған жоқ.    

Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, облыста 294 мектеп бар. Олардың арасында 6 мектеп-интернат, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған отбасы үлгісіндегі 1 балалар ауылы бар көрінеді.

Тамақтандыру шаралары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген орта білім беру ұйымдарында оқитын оқушыларды тамақтандыруды, сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдарда, жетімдер мен ата –анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін және оқитын балаларды тағаммен қамтамасыз етуге қатысы бар тауарларды сатып алуды ұйымдастыру ережелеріне сәйкес байқау негізінде ұйымдастырылады.

Видео: Мектептегі тағам

Біз сөйлескен Аралдық балалардың көбі мектепте балық жемейміз дейді. Өңірде өсетін балықтардың түрлері мен атауларын да білмейтін болып шықты. Біз осы ақтаңдақтың орнын толтырамыз: олар өз өңірлерінде кездесетін балықтардың тым болмағанда суретін көріп, танып білсін деген ниет.

Аралдағы балық түрлері

Виды рыб Арала

Өңірлік бағдарламада көрсетілгендей, қазір Арал теңізінде балықтың 23 түрі кездеседі.

Облыста Кіші Арал теңізі мен балық шаруашылығы тұрғысынан маңызды 207 өзен бар. Бүгінгі күн 24 өзен резервке алынған көрінеді.

Облыс аумағында қазіргі күні 18 түрлі балық ауланады.

Соңғы 5 жылда 39924 тонна балық (2015 жылы – 8394 тонна, 2016 жылы – 7883 тонна, 2017 жылы – 8740 тонна, 2018 жылы – 7415 тонна, 2019 жылы  – 7492 тонна) балық ауланған, соның ішінде Кіші Арал теңізінің үлесі 32664 тоннаны (2015 жылы  – 7272 тонна, 2016 жылы – 7106 тонна, 2017 жылы – 8139 тонна, 2018 жылы – 6469 тонна, 2019 жылы  – 6678 тоннаны) құрайды.

Облыс аумағындағы балық өңдеу зауыттары өз өнімін алыс және жақын шетелдерге экспорттайды. Олардың арасынан 4 зауытта «Еврокод» бар. Бүгінгі күні зауыттар ауланатын ауқымнан екі есе артық көлемді өңдей алу қуаттылығына ие.

Облыстың балық шаруашылығы Кіші Арал теңізі мен Сырдарияның алқабындағы өзендерден аулауға негізделеді.

2019 жылғы ауланған көлем 7,2 мың тоннаны, 2020 жылы 7,8 мың тоннаны құраған.

Ауланған балықтың көп бөлігі жылдық қуаттылығы 12,5 мың тоннаны құрайтын 9 балық өңдеу зауытында өңделеді. (олардың ішінде 7 зауыт Арал ауданында орналасқан).

Алайда, облыста балықты терең өңдеу және консервілеу өндірістері, балық сүйек ұны, уылдырық майы, тыңайтқыштар, малдың жеміне қосымшалар және т.б. өндіретін өндірістік желілер жоқ.

Іс жүзінде бүгін барлық ауланған балықтың  небәрі 59,9% пайызы өңдеуге кетеді. Дегенмен, соңғы 5 жылда қайта өңдеу көлемі 14%-ға,  3838 тоннадан 4489 тоннаға дейін өскен. Соңғы 5 жылда 21 мың тоннадан астам балық өңделген (2015 жылы – 3838 тонна, 2016 жылы – 4240 тонна, 2017 жылы – 4686 тонна, 2018 жылы – 4071 тонна, 2019 жылы – 4489 тонна).

Осы орайда айта кетейік, өңір балық өнімдерінің шамамен 90%-ы алыс және жақын шетелдерге экспортқа шығарылатынын мақтан тұтады.

Бірақ бағдарламада ішкі нарықты қалай және қандай бағалы балық және өңделген балық өнімдерімен қамтамасыз етілгелі отырғаны жайлы айтылмаған.

Дейтұрғанмен, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік саясатының мақсаты былайша атап көрсетіліпті:

  1. балық өнімін өндіру және сату ауқымын кеңейту және осының негізінде ішкі нарықтағы импортталатын өнімді отандық өндіріс өнімімен қарқынды түрде алмастыруды қамтамасыз ету;
  2. балық өнімдерінің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету.

Осылайша, баспасөз –турының нәтижесінде біз Арал өңірінің балалары қанша балық тұтынатынын бәрібір біле алмай қайттық. Тұтынатын балық көлемі туралы мәселені статистика да айналып өтеді. Республикалық, облыстық статистиканың қай-қайсысынан да мұндай мәліметті таба алмайсың. Тек Ұлттық экономика министрлігі айқындаған тұтыну нормасы ғана бар.

Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі кешенді түрде зерттелмейді. Өнім түрлері бойынша жеке-жеке талданбайды.

рыбак

Аралдық балықшы. Суретті түсірген Владимир Третьяков

Автор: Жанбота Төлеген

Данная публикация размещена в рамках проекта «Содействие в трансграничном освещении экологических вопросов в Центральной Азии», реализуемого Международным центром журналистики MediaNet в сотрудничестве с международной организацией по медийному развитию DW Akademie при финансировании Федерального министерства иностранных дел Германии (Auswärtiges Amt).

Басты фото: Балық сатушы әйел. Сурет авторы: Владимир Третьяков

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *