Письмо Ленина Аральцам
Новости Рыбная промышленность

Арал балықшыларының ерлігіне 100 жыл толды

Биыл тұтас бір елді аштықтан аман алып қалған Арал балықшыларының еселі ерлігіне тура бір ғасыр, 100 жыл толды. Осынау тарихи кезеңнен сыр шертетін мұражай төріндегі құнды жәдігерлерді тілге тиек етіп өтсеңіз.

Биыл 2021 жылы қазан айында Арал теңізінің балықшыларына, Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.М.Ульянов (Лениннің) жолдаған өтініш хатына 100 жыл толады. Онда: Сіздерге бүкіл Поволжье мен Астраханьның бір бөлігі аса зор бақытсыздық – бұрын соңды болып көрмеген аштық жайлағаны туралы хабарды естіген шығарсыздар. Сіздер аулаған балықтарыңыздың бір бөлігін аштықтан ісініп кеткен кемпір мен шалдарға, ең ақыры бәрінен де бұрын қырылып кетуі мүмкін 7 миллион балаларға беріңіздер. Келесі жылы Поволжье өз астығымен сіздерге көмек беруге дайын делінген.

Ал, балық аулау өзіндік тарихы бар кәсіп. 1901-1904 жылдары Орынбор – Ташкент темір жолын салу балық шаруашылығының дамуына кең мүмкіндік ашты. Аралға Волга бойынан Астархань өңірінен балық аулауды, өңдеуді білетін, оны мамандық деп иеленген балықшылар келіп қоныстана бастады. Көшіп келушілердің көпшілігі Аманөткел және Бөген елді мекендеріне қоныстанды. 1904-1910 жылдарда Аманөткелге бірден Оралдық 40 отбасы көшіп келген. Балық кәсібін жақсы меңгерген орыс көпестері жергілікті халықты  балық аулаудың қыр-сырына үйретті, екінші жағынан оларға аз мөлшерде жалақы беріп, қанады. 1921 жылдары Арал төңірегінде балық аулаумен айналысатын бірнеше серіктестіктер құрыла бастағанды. Алғашқы «серіктестіктер» Бөген, Аманөткел, Қарашалан, Қаратерең, Ұялы, Ауан т.б. елді- мекендерде құрылғанды. 20-30 жылдары балық артеліне айналған. Жетпіс күн, жетпіс түн туралы кезінде Шарап Қуанышбаев, Бухарәлі Үйсінов, Дүйсен Прекешов, Тұрғанбай Жолаев, Жетпісбай Байбосынов ақсақалдардың басқа да жүздеген балықшы 1921 жылдың 15 қазанынан 20 желтоқсанына дейінгі аралықта даланың үскірлік аязы, теңіз үстінің сұрапыл дауылымен арпалысқа түсіп қатысқан балықшылар туралы мен кітабымда толығырақ көрсеткенмін. Бұл уақыт балықшылар артелі болып құрылып, қолдан қайық соғып, бірлесіп аулауға енді-енді беті бері қараған кез болатын. Киім де, тағамның түрі де тапшылық. Міне, осындай қиыншылыққа қарамастан өшпес ерлік  көрсеткен Арал балықшылары болатынды. Осының барлығын біздер құлағымызбен есітіп, шет-жебірін көзімізбен көрдік. Мысалы, ол кезде ешқандай транспорт жоқ, балықты бір жерден бір жерге апару үшін Керуен ұйымдастырады. Балық салатын қамыс марданынан қап жасайды, шана дайындайды тағы басқа сол сияқты. Сыр бойындағы қазіргі мұғалімдер мен дірігерлер, инженерлер мен мәдениет қызметкерлері, құрылысшылар мен балықшылар, кешегі ауданның әр саласын басқарған қайраткер азаматтар: Медетбаев Әуелбек, Баймағанбетов Алданазар, Құмаров Алтыбай, Абатов Сағи, Бохаев Тлес, Өксікбаев Әріп, Дәрмағанбетов Шакрат, Үкімет мүшесі, Қазақ ССР-ның балық шаруашылығы министрі болған  менде, яғни бәрі-бәрі жетпіс күн, жетпіс түннің арпалысына белсене қатысқан аталардың ұрпақтарымыз. Сондықтанда осы азаматтардың рухтарын сақтап, болашақ ұрпақтарға тарихи ескерткіш есебінде кітаптан басқа, «Суреттер сыр шертеді» деген тарихи музей аштырттым. Бұл да 10-15 жылдың еңбегі.

Письмо Ленина в Аральске на стенде

Қуанышбай Шапшановпен бірлесіп жасаған Арал теңізінің толу және тартылу кезеңі бейнеленген карта осы мұражай төрінде ерекше орын алатын маңызды жәдігер деп білемін. Сол жайында айтып берсеңіз.

«Суреттер сыр шертеді» тарихи мұражайымды ұйымдастыру барысында әртүрлі жобалар жасағанмын. Соның ішінде негізгі мән бергенім – Арал теңізі. Арал теңізінің тарихын —  оңтүстігі мен солтүстігін, шығысы мен батысын өзім түгел аралағанмын. Осының барлығын кітабымда көрсеттім. Сонда да оқырманға, жастарға түсінікті болу үшін 1990 жылдарда Қызылорда облысының табиғатты қорғау, экология басқармасының басшысы – Шапшанов Қуанышқали інімізге әдейі хат жазып барып, өзімнің жасаған Арал теңізінің картасын көрсеткен болатынмын. Онда Арал теңізінің тасып тұрған кезеңі және де қазіргі уақыттағы көрінісі, соның ішінде «Аралрыбпромның» көрсеткіштері. Бұның барысын жасұрпақтар білу керек екенін түсіндірдім. Қуанышқали ініміз облыстың қайраткерлерінің бірі ғой, әрі Арал теңізінің патриоты. Сондықтанда Құдайберген Саржанұлы бұл бастамаңыз келешек ұрпаққа өте керекті тарихи заттар екен деп, кейбір жерлеріне өзгеріс енгізіп, әдейі ламинированный қатты қағазға, басқарманың қаражатына жасатып бергізді. Бұл құнды деректер еш жерде жоқ, тек біздің мұражайдың көрнекті жерінен орын алып тұр.

1983 жылы балық шаруашылығының министрі болған кездердегі арал проблемасын Д.Қонаевқа, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына мәселені төтесінен қойып ашық түрде жеткізіп сол кезеңдегі Арал теңізінің ауыр ахуалын ашық айтып жеткізгеніңіз, бүгінгі елдің өркендеуіне қарт теңіздің қайта тыныстауына себепкер болғандығыңызды аңғартады. Осы тұстан тікелей бүгінгі ғасырлық ғаламат САРАТС жобасының бүгінгі жемісін, ертеңгі болашағы туралы айтып берсеңіз?

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа өндірісті басқаратын орталық партия комитетінің хатшысы Н.Ә.Назарбаевқа Аралдықтардың, Арал теңізінің  жағдайы туралы айтқандарым кітапта толық жазылды. Оның бер жағында 1975 жылы «Аралрыбпром»- ның бас директоры болып жүргенімде Арал мәселесін нақты қоюдың арқасында, Обкомның хатшысы А.Шевцовты, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Ковалевті, облыстың атқару комитетінің  орынбасары Елеу Көшербаевты және мені Алматыға үкіметтің әдейі Арал проблемасы бойынша жиналысына шақырылғанбыз. Онда үкіметтің басшыларының алдында мен доклад жасағанмын. Міне, осыдан кейін «Арал туралы» орталық партия комитетімен, үкіметтің бірлескен қаулысы шықты. Осының арқасында – су, свет, жол т.б. инфраструктура салынды, бұл туралы жазғанмын. Сол кезде Д.А.Қонаев: «Қарағым, мен Арал мәселесін талай рет жоғарғы Мәскеудегі басшы орындардың үлкен-үлкен съездерінде көтеріп жірмін ғой, ал сендер төменгі жақтан қарап отырмай, реті келгенше мәселе қоя беріңдер дегенді. Міне, осындай данышпанның көрегендігіне сүйене отырып, Арал, Қазалы, Шалқар балаларына көмек көрсету мақсатында қоғамдық «Шапағат» ұйымын құрғанбыз. Уақытысында оның да жемісін балаларға көрсете білдік. Сонымен қатар «Арал — Балхаш» Халықаралық қоғамдық ұйым құрып, оның да жемісі Аралға тиді. Қазіргі 50% экологиялық көмек соның арқасы. Содан «Кіші Аралды сақтау» мәселесін көтеріп, соның арқасында 1995 жылы Қызылордаға Орта Азия бас мемлекет басшылары жиналып, Кіші Аралды сақтау керектігіне келісті. Осыдан кейін барып, Аралды сақтау қоры құрылды. Осындай жұмыстардың  нәтижесінде Көкаралдағы ұзынды 14 км бөгет салынып, судың ағатын сағасын 42 метр биіктікте шлюз салынды. Әрине, бұндағы жіберілген кемшіліктер көп болды. Дегенмен, Кіші Арал болып бұрыңғы көшіп кеткен елдер қайта оралып 10-15 жылдың ішінде балықшылар қауымының әл-ауқаты көтеріліп дегендей, бірталай жұмыстар жасалынды. Ендігі САРТС үшінші кезеңі тұр. Осы жоба дұрыс шешілсе «Кіші Арал сақталып» қалар еді. Дегенмен бұл жобадағы «білгіштер» көбейіп, дауласумен жоба әлі іске асқан жоқ. Шыңында Көкарал бөгетінің ремонты дұрысталып, су жіберетін шлюз 46 метрге көтеріліп, егер де Кіші Арал толса Шевченко қолтығының  астындағы бұрынғы Ақпасты мен Ауан зауытының ортасындағы өзектен артық су Тұшщыбасқа құйылса, онда САРАТС-тың жемісі деп ұрпаққа  айтуға болар еді. Болашақ біріншіден, «Кіші Аралды» сақтаймыз, екіншіден Қамбаш көліндей екі есе тағы да Тұщыбас түбегін сақтап қаламыз.

Істің ең күрделісі жоқтан бар жасау. Аманөткел мен Қамыстыбас балық питомниктерінің құру жобасының ең алғашқы тұстарынан естелік айтып өтсеңіз және қызыл кітапқа енген құнды балық қояздың және басқа да Арал теңізіне жерсіндірілген балық түрлеріне тоқталып өтсеңіз.

Мен қай кезде де туған жерімді ешуақытта ұмытқан емеспін. Туған жерім алтын бесігім дей түсіндім. Аманөткелге тоғанды-товарлы балық шаруашылығын Мәскеудегі Одақтық министрдің қолымен ПМК-4 (механизированная передвижная колонна №4) құрылыс мекемесін аштырттым. Ешжерде болмаған жаңа техникалар мен фондасын Мәскеуден алдырттым. Жоспарда болмаса да өз күшімізбен  жобасын өзіміз жасап, мектеп, аурухана, 15 шақты үй құрылысын жүргіздік. Ең аяғы  дарияның арғы бетінде, Суықкөлдің қасынан Құс фермасын аштыртып, алма, алмұрт бақтары орналастырылды. Дарияның алғаш паромын өзгертіп, орнын темірден 20 шақты паром қайығын орналастырдық. Бұның барлығының фондысын өзіміздің күшімізбен Алматыдағы басшы органдардан келісімін алдырғанмын. Сонымен, елді –мекенде бірде бір  адам жұмыссыз болмады. Осындай жұмыс елдегі көзі көрген азаматтар әлі күнге дейін айтып жүр (кітабымда жазғанмын).  Екіншіден, Қамыстыбас балық питомнигі сонау 30-шы жылдары салынғанды. Балықтың майда шабағын өсіретін бірде-бір орын еді. Бірақ та көп жылдан бері  көмек болмай шаруашылығы төмендеп кеткенді. Осы жағдайын және болашақты ойлап, жоспарда болмаса да өзіміздің ішкі мүмкіншілігімізді қарастырып, 50 шақты үй, мәдениет үйін, сегіз жылдық мектеп салдырттық. Осындай жұмыстың басын, шаруашылық көзін тамаша ұйымдастыратын Аймағанбетов Дауқара деген азаматты Қаратереңнен босаттырып, осы жерге директор қылып бекіттік. Сөйтіп, 80 жылдардың аяқ жағында Дарияда су болмай Қамбаш питомнигінің жағдайы нашарлай бастағанды. Сырдарияның аяқ жағындағы тастақ балық питомнигін жоғарғы басшы орындармен келісіп, өзімнің бұйрығыммен Қамыстыбас питомнигіне қосып, бағындырып бердім. Міне, осындай қамқорлықтың арқасында, бүгінде Қамыстыбас балық питомнигі аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі болып есептелінеді. Ал енді өзім 1995 жылы  Арал экологиясы себебімен зейнетке шықтым. 32 жыл бірінші басшы болып қызмет істеп, енді біреуге көмекші, орынбасар қызметтерінен бас тарттым. Сөйтіп жүріп 60-қа келгендегі тойымды, сүрінбей ел ағасы болып келгенімді тойлап өттік. Арасында 3 кітап естелікке жаздым. Ары ойлап, бері ойлап, Аралға қамқорлығымды қалайша жүргізудің жолын іздедім, таптымда. Сонау, 50-60 жылдары Аралдың мақтанышы болған, бүкіл одақ білетін Арал теңізінің Қаяз балығы 1978 жылы Үкіметтің «Қызыл» кітабына енгенді. Міне, менің ендігі мақсатым осы қаяз балығының тұқымын тауып, қайтадан Арал теңізіне жіберіп ата-аналыққа жеткізу болды.

2003 жылы «Қызыл» кітапқа енген Арал теңізі қаяз балығының кереметтілігін (дәмділігін, сапалығын, майлығын) еш жерде жоқ. Тек Арал теңізінде болғаны, онда да Амудария мен Сырдария өрлеп теңізде жайылатынын дәлелдеп, үлкен жоба жасап,  алдын ала қаяз балығының Қызылорда облысының қай жерінде барлығын анықтап, бұл жұмысқа Аралдағы ғылыми балық шаруашылығы институтының филиалының директоры Зәуелхан Ермахановтың қызметкерлерімен қосылып үлкен жоба жасадық. Осы жобамен менің бармаған тауым, баспаған жерім қалмады. Яғни, Үкімет, Халықаралық ұйымдар, ең аяғы облыстың басшыларына дәлелдедім. Осындай «инемен құдық қазғандай» жұмыстардың арқасында ең алғашқы  2007 жылы 2000 бас Арал қаяз балығының  майда шабағын аулауға рұқсат алдық. 2010 жылдары  бұл жұмыстар нәтижесін, аулау әдістерін, тасу, өсіру т.б. керекті жұмыстарды фильмге түсіріп, бірнеше рет газетке шығарып теңізге жіберілді. Бұл жұмыстардың дәлелі балықшылардың ауларынан көрінді. Өкінішке орай балықшылар оны қайтадан  суға жібермеді, майда болса қуырып жегенді мән көрді. Бұл жұмыстардың жалғасы қаражатқа байланысты. Кейде бір-екі жыл қаражатсыз жұмыс тоқтап та қалады. Бірақ та ізінен қалмай келеміз. Бұдан бұрын 1989 жылдың тікелей өзімнің араласуыммен одақтық тиісті басшы орындарынан рұқсат алып, Аралға сонау Азов теңізінен Камбала балығының да майда шабағын алдыртып жібергенбіз. Бұған да Аралда Ғылыми балық шаруашылығы институның филиалының директоры Ермаханов Зәуелханның еңбегі зор. Бұл жұмыстың да байлығын, нәтижесін Арал балықшылары көрді ғой.  Міне, осындай басқа да елге болсын, Арал теңізіне болсын, деген көмекті айқайламай-ақ жасағанымызға тарих куә. Жылына екі-үш рет Аралға келген үкімет басшыларының алдында, Облыс Арал туралы мәселе болған жиналыстарда шығып сөйлеп, Арал туралы болсын деген мәселе көтеріп жүрмін. Туған жерім Аралда 70-80 жасқа толғанымда салтанатты түрде өткіздім. Бұндағы мақсатым болашақ ұрпақтар білсін, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарнын тіленбей» демекпіз. Еңбектің арқасында Арал өңіріндегі үкімет мүшесі болған тарихта тұңғыш министр атандым.

Письмо Ленину из Аральска

Қос бірдей мұражай төріндегі зерттеу мен зерделеуді қажет ететін ең құнды жәдігерлер туралы айтып өтсеңіз.

Сонау 1975-1980 жылдары балық комбинатының ішінен кішігірім мұражай ашып, 300-ден астам экспонат жинастырғанмын. Өкінішке орай мен Алматыға кеткесін жігіттер мән бермей, кейбір экспонатты шетелге көрсетеміз деп, сол жақта қалдырып қойыпты. Он жылдай министр, үкіметтің мүшесі, орталық партия комитетінің мүшесі, Қазақ ССР  Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан мен Вьетнам социалистиік республикасының Халықаралық достық қоғамының төрағасы болдым, бұның барлығын ұрпақ білсін деп кітабыма жаздым. Енді тарихта Арал теңізі балықшыларының рухы риза болсын деп, Арал қаласында ешжерде әлі болмаған, ашық мұражай ашуға кірістім. Ол үшін 4-5 балықшылар кемесін орталыққа алып келуді, 2010 жылдардан бастап қолға алдым. Бұл жұмыстың қиындылығы теңіз түбінде қалған балықшы қайықтарын бүгін көрсең, ертең жоқ болып шығады. Сол кезде металл өткізу деген ауру болды. Сонымен не керек Аудан басшыларына өтініш айтып белгіленген кемелерге күзет қоюға тура келді. Қазіргі «Арал балықшылар» мұражайындағы кемелерді жеткізу қиыншылықпен бөлшектеп әкеліп, басында құрастырдық.  Өз басым осындай мұражай біткенше басында прораб болып тұрдым. Облыс басшыларына дәлелдеп, Қазақстанның еш жерінде жоқ, тек Арал қаласында ғана бар «Арал балықшылар» мұражайын аштырттым. Ішіндегі жәдігерлерді бәрі кезінде өзімнің жинаттырған материалдарым. Мысалы, ат-шана, түйе-шана, ау-қайық, шығыршық, осылардың  барлығын ел аралап жүріп, балықшылардың қорасынан қаңқаларын тауып, жинастырған болатынбыз. Сонымен 2010 жылы бітіріп, облыс бюджетінен 7 адам штат алдырып, актімен жеке мұражайымды келешек ұстап тұруға  Аралдағы Өлке тану мұражайының қарамағына өткіздім. Биылғы жылы Арал балықшыларының, Лениннің хатына жауап ретінде аш-жалаңаш өліп жатырған Волга бойындағы балаларға 14 вагон балық жібергеніне 100 жыл толуына байланысты, Арал мұражайын қайтадан реставрация жасау туралы облыс басшыларына мәселе қойдым. Бұл мәселе де шешіліп мұражай қайтадан жаңартылмақшы.

Екінші мұражай «Суреттер — сыр шертеді» тарихи мұражай бұл менің тағы да 15 жылдай тер төккен еңбегім. Алдымен қолымдағы тарихи суреттерді жинадым. Біріншіден, баяғы 14 вагонды балықты 70 күн, 70 түн аулаған, оны Қамбаш станциясына тасып, жеткізген адамдардың суреттерін көрсету, екіншіден: «ел басқарған ағалар, еңбегін елі бағалар деп, сол аға балықшы ұрпақтарының суреттерін, үшіншіден: сонау 1928 жылдан бастап Арал ауданын басқарған ағалар, төртіншіден 1930 жылдардан бастан Қызылорда облысын басқарған бірінші басшылар – 25 адам, бесіншіден: Қазақстан 1980 жылдардан  әр саланы басқарған министрлер. Алтыншы, Қазақстан Республикасын 40 жылдай басқарған басшылар – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтан бастап, жетінші: Қазақстан Республика балықшаруашылығын басқарған Нарком-министрлер. Сегізінші, Арал өңірінен шыққан қайраткерлер 10 адам. Тоғызыншы, «Арал теңізін» түсірілген керемет суреттер. Оныншы – Арал теңізінің картасы. Он бірінші, Вьетнам Социалистік Республикасына Қазақстан делегациясын бастап барып, награда алып қайтқан кезім. Он екінші, жоғарғы көрсетілген қайраткерлердің кітаптары. Он үшінші, Арал қаяз балығын аулау суреттері. Он төртінші, өзімнің үкіметтен алған награда, медальдарым, әр салада істеген куәліктерім. Теңіз формасындағы киімім, саптама етік, өкімет басшысы Ұзақбай Қарамановтың кигізген шапаны. 50 шақты экспонаттар пайдаланған, телефон, сағат, вьетнамдық 2 ваза. Он бесінші, 1980 жылдары жасалынған жорғаның ері және бәйгенің ері. Жүген, ноқта, құйысқан, өмірдірік әдейі жасалынған қоржын т.б. Не бары 300 астам экспонат – суреттер бар. Барлығы да тарихтың көздері. Он алтыншы, Арал халқына жұмыстың көзі болып, қамқор жасаған Арал балық комбинатының көріністері. Он жетінші, өзімнің ата-бабаларым, отбасым, ұрпақтарымның суреттері. Он сегізінші, көңе жәдігерлерде бар. Осылардың барлығы өз күтіммен салған төрт бөлмеде орналасқан. Мұражайдың сырт көрінісін, кірер жерін Алматыдан әкелген материалдармен әшекейленген. Міне, екі мұражайдан да азда болса мағлұмат бердім –ау деймін.

Мемлекет және қоғам қайраткері

Қызылорда облысының, Арал ауданының

Құрметті азаматы – Құдайберген Саржанов

Ақпаратпен бөліскен Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *