Апорт алмасын қалай дұрыс өсіру керек | Foodindustry.kz

Апорт алмасын қалай дұрыс өсіру керек

«Алматы апорты» брендін қазақстандықтардың бәрі жақсы біледі. Ол шетелде де танымал. Тіпті француз продюсері апорттың негізі – Сиверс алма ағашы туралы деректі фильм түсіріп, Қазақстанды алманың отаны ретінде кинофестивальдерде насихаттап жүр.

Дегенмен, апорттың пайда болу тарихын білетін адам аз. Бүгін біз осы олқылықтың орнын толтырамыз.

Қазақ бау-бақша шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Помологиялық бақтың 85 жылдығына орай апорттың пайда болуы, зерттелуі мен қазіргі жағдайы туралы сөз қозғады.

Редько

Верный уезін (бұрынғы Верный, қазіргі Алматы қаласы (КСРО кезіндегі атауы Алма-Ата)) Ресейдің орталық өңірлерінен қоныс аударғандар игермес бұрын да бұл жерге көптеген орыс саяхатшылары келген.

Теңіз деңгейінен 800 — 850 метр биіктіктегі Іле Алатауы мен іргелес жатқан жазықтардағы жеміс-жидек тоғайларының сұлулығы барлығын баурайтын. 1100 — 1400 метр биіктіктегі жерлер  жабайы алма ағаштарының алуан түрінің патшалығы ретінде сол кезден-ақ танылды. Бұл маңай жеміс ағаштарының өсуі мен дамуы үшін ерекше қолайлы жағдайымен ерекшеленеді.

Ғалымдардың айтуынша, «1865 жылы Воронеж губерниясының Острогожск ауданынан қоныс аударған Егор Васильевич Редько өз елінде басқа сорттардан ешбір ерекшелігі жоқ алманың бірнеше көшетін Верныйға әкеледі».

Кішкентай шыбықтар тамырланып, жайқала өсіп, бірнеше жылдан кейін жеміс бере бастаған.

Сәуле Қазыбаева

«Егор Редько қарапайым әуесқой бағбан болған. Ол алма ағашының көшеттерін арбамен екі жыл жүріп осында жеткізген. Жаңа мекенінде оларды өсіргісі келеді. Осында жеткен соң оларды егіп, жергілікті көшеттерге тели бастаған. Кейін жемістері мен көшеттерін таратуға кіріседі», – дейді Қазақ бау-бақша шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары Сәуле Қазыбаева.

Күзде көршілері Редьконың салмағымен бұтақтарды иілткен қып-қызыл, үлкен алмаларына тамсануға баратын, оларға табиғаттың мұндай ғажайыпты тудыруы мүмкін еместей көрінді.

Редько көшеттерін жұртқа жомарттықпен тарата бастайды. Көп кешікпей керемет сорт бүкіл Верный уезіне танылады.

Апорттың жемістері базарларда пайда бола сала үздік сорт деген даңққа бірден ие болған.

Институттың мәліметінше, 1908 жылы Германияда өткен Мангейм жеміс көрмесінде Верный бау-бақша мектебі (училище) ұсынған апорт алмалары жұрттың қызу мақтауына ие болса керек.

Апорттың келбеті, дәмі, сапасы мен тасымалдауға жарамдылығы оның Жетісудың жеміс саудасында көп ұзамай жетекші орынға шығуына ықпал етті.

Апортты өсіруге көп көңіл бөлінді. Верный бау-бақша мектебінің, сондай-ақ жылына 100 мыңнан астам көшет өндіретін Моисеевтің ірі жеке меншік жеміс питомнигінің қызметі нәтижесінде сорт Қазақстанның оңтүстік-шығысында, әсіресе Іле Алатауының өңірінде кеңінен тарады.

Генерал Колпаковскийдің бұйрығымен «Редько алмасы» деп атауы өзгертілгенімен, бұл атау халық арасында сіңісе алған жоқ. Тек Верный қаласының даңқын жеміс-жидектің орталығы ретінде шығара бастады.

яблоки на телеге

«Бұдан әрі ғылым саласы көмекке келіп, 1965 жылы «Алматы апорты» Қазақстанда пайдаланылатын  селекциялық жетістіктер реестріне енгізілді. Апорттың Алматы облысында теңіз деңгейінен белгілі бір биіктікте ғана өсетіндігіне дұрыс сипаттама беріп, ғылыми негіздеме жасай алған тек ғылым саласы болды. Дәл осы өңірде ол өзінің бар сапасын, ұзақ сақталатын тамаша жемістер мен дәмдік қасиеттерін паш ете алады», — деп толықтырды С.Қазыбаева.

Жеміс-жидек дақылдарының санағы бойынша:

1959 жылдан бері Қазақстанда баубақша шаруашылығы қарқынды дами бастады және 1970 жылға қарай бақтардың жалпы аумағы  107 мың гектарға, оның ішінде шекілдеуікті дақылдар 89 мың гектарға жетті.

1970 жылғы жемісжидек дақылдарының санағы бойынша Қазақстанда 10 113 395 ағаш болды, оның ішінде 3 851 193 апорт ағашы, Алматы облысында 3 036 346 ағаш немесе республика бойынша жалпы апорт ағашыының 78,8 пайызы болған. Қазақ КСРде өнеркәсіптік баубақша шаруашылығының басталу кезеңімен салыстырғанда бұл сорттың егіс алқаптары 10 еседен астам ұлғайды.

Оның үлесі күздік сорттар тобында және ТалдыҚорған (90,6 пайыз), Жамбыл (43,4 пайыз), Гурьев (33,8 пайыз) және Шымкент (12,6 пайыз) сияқты өңірлерде айтарлықтай жоғары.

Дегенмен, Алматы облысы бұрынғысынша апорттың басты отаны болып қала берді: тек осында ол күзгіқысқы сорттан жоғары сапалы жемістер береді.

Ғалымдар «Апорт» сортының ерекше күтімді талап ететініне баса назар аударады.

«Сиверс алма ағашына ғана теліп, өсірілетіндіктен 7-8-ші жылы ғана өнім береді. Сондықтан өте жоғары күтім мен шығынды талап етеді. Бір гектарға небәрі 208 түп ағаш отырғызылады. Сол себепті де мемлекеттік қолдау қажет. Және осы себепті институт апорттың өсетін  жерін географиялық растау үшін халықаралық жобаға қатысуда», — деді С.Қазыбаева.

стенд апорт сегодня

Алматы апортын жаңғырту мәселесіне ғалым Мағжан Исин ерекше үлес қосты. Оны агробиологиялық және экологиялық тұрғыдан зерттеді. Ол қазақстандық апорт бренді туралы әрдайым ерекше құрметпен және зор сүйіспеншілікпен жазды.

Академик Исиннің пікіріне сүйенсек, сортты бұрынғы сапасында қайта жаңғыртудың басты шарты — тек апортқа ғана тән ерекше сорттық агротехнологияны қатаң сақтау болып табылады.

Биотехнология ғылымының жетістіктерін пайдалана отырып, апорттың ең үздік клондарын микроклондау әдісімен алғаш рет in vitro сортының «жаңа өсімдігі» алынды.

Сиверс алма ағашы түрлерінің барлығы бірдей апортқа теліме ретінде пайдаланыла бермейтіндігі ескерілді. Жоңғар және Іле Алатауында өсетін жабайы алма ағаштарының 30-дан астам түрі жиналды.

Оның ішінде 11 түр 2012 жылдың тамыз айында телініп, 2014 жылдың күзінде екі жасар шыбықтар алынды. Сол жылы топырақ дайындау жұмыстары жүргізіліп, 2015 жылдың көктемінде алдыңғы зерттеулердің қорытындысы бойынша Сиверс алма ағашының 11 түрінің негізінде алма бағының негізі қаланды.

2015 жылы 5 гектар аумақта тәжірибелік бақ салынды.

Сол жылы Мағжан Исин: «салмағы 600-700 грамм алма — ГМО емес, атақты «Алматы апорты». Алматыда осы сортты жаңғырту бағдарламасы қолға алынуда. Алма бақтары туристерді таратын және қала тұрғындарын алмамен қамтитын орын болмақ. Болашақта осы апорт бағы Алматы облысын толық қамтамасыз ете алатын аналық баққа айналады», деп жазды.

Өкінішке орай, биология ғылымдарының докторы 2021 жылы қайтыс болды. Оның жұмысын қазір жас ғалым, ҒЗИ Талғар филиалының директоры Сағи Солтанбеков жалғастыруда.

Сағи Солтанбеков

«Алматы апортын қайта жаңғырту бағдарламасын 2009 жылы бастадық. Менің алдымда академик Мағжан Малғаждарович Исин айналысқан. Ол кісі қайтыс болды. Сол кісі грант қаражатымен бастаған. Мен ол кісіге 2011 жылы қосылдым. Сол жылы біз тауға шығып, жабайы алманың 28 формасын жинап алып келдік. Соларға ДНК талдау жасағанда 11 форма апортқа жақын болып шықты. Сол формаларға вируссыз апорт сортын теліп, бақ отырғыздық. Оның 14-і апорт, он бірі – Сиверс алма ағашы, 6/8 және 10/8 деген екі отырғызу схемасы қолданылған», — деді С.Солтанбеков.

«Бір ай бұрын жиналған жемістің салмағы 470 грамм болды. Қыркүйектің соңында біз 600 грамға дейін өнім күтіп отырмыз. Соның ішінде екі түрі «бактериальный ожог» дертіне төзімді болып шықты», – дейді мақтанышпен.

Ол апорт жойылған жоқ деп есептейді. Бірақ салмағы және басқа сапа параметрлері бойынша бұрынғы қасиеттерінен айырылған.

«Апорт бүкіл әлем бойынша өзінің шынайы сапасын тек Қазақстанда ғана көрсете алады. Ал басқа жерлерде мұндай сапаға жету мүмкін болмай шықты. Біз оны қайта жандандырғалы отырмыз. Апортты өзіміз жоғалтып ала жаздадық», – дейді филиал директоры.

яблоки в пакетах

Жас ғалым апорт сапасының нашарлауының негізгі алты себебін атады:

  1. Апорт жақын отырғызғанды жек көреді;
  2. Бұрын террасирование жасады (тау бөктерлеріне сатылай отырғызылды);
  3. Бақтардың ортасына төртінші жылы жоңышқа (люцерна) отырғызу керек. Ол табиғи көлеңке тудырады. Маусымына 3-5 ретке дейін мульчирование жасап отыру керек. Ол кәдімгідей биосок болады. Ал бұрынғылар оны шөпке дайындады.
  4. Апорт теңіз деңгейінен 850-1250 метр биіктікте ғана жақсы өседі. Сол талапты көбі сақтамады.
  5. Фермерлер апорт алмасы өсіп тұрса болды, соны ала береді ал оның сапасына қарамайды.
  6. Сиверс алмасына телу керек дегеннен кейін барады да, кез-келгенін теріп алып келіп, соған тели салады. Олар өзара үйлесе ме, жоқ па, оған қарамайды.

Осындай себептермен біз апортты өзіміз жоғалттық, дейді ол.

«Қазіргі мақсатымыз — сол апорттың сапасын қайта жандандыру. Егер ол жүзеге асса, біздің осы бағымыз Алматы облысы үшін «маточно-черенковый сад» (аналық бақ) болады, біз осы жерден көшет шыбықтарды дайындап, телім жасап, облыстық фермерлерге өзіміздің нақты таза апортымыздың көшеттерін бере алатын боламыз», дейді Сағи.

Оның айтуынша, апорт тек Алматы облысында ғана емес, Шымкент және Түлкібаста да жақсы өседі.

«Ал басқа жақтар қатты ыстық, ол апортқа жақсы емес. Ол 750 метрден төмен болса, пісіп кетеді де, қажетті салмаққа жетіп үлгермей қалады. Ал 1150 метрден жоғары болса, пісіп үлгермей қалады. Тек осы деңгейлікте ғана апорт өзін жақсы көрсетеді», дейді зерттеуші.

сорта яблок

Бізді қызықтырған тағы бір сұрақ «Алматының символын, мемлекеттің брендін насихаттап, танытып жатқан, оның танымалдығын арттыру үшін күш салып немесе ақша жұмсап отырған біреу бар ма» болды.

Бұл сұраққа Қазақ бау-бақша шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының коммерцияландыру бөлімінің басшысы Әйгерім Сейсенова былай деп жауап берді:

«Бағдарлама бойынша апортқа жылына 18 млн теңге бөлінеді. Оған апортты жарнамалау қамтылмайды. Біз тек ғылыми мақсатта ғана әрбір сорттан 5-6 талдан ғана ағаш өсіреміз. Егер бірдеме сатып жатсақ, ол тек өнімді бүлдіріп алмау үшін ғана сатылады. Жарнамалаумен негізінде мемлекет айналысуы керек. Ал жастарды балалық шағынан бастап отаншылдыққа, отандық өнімді және оны өндірушілерді құрметтеуге, танып білуге баулу керек деп санаймын. Онымен тек шынайы отаншылдар ғана айналысады».

яблоневый сад

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *